10 тамызда Өскемен қаласында «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында пилотсыз авиация бағыты бойынша құзыреттер орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, онда өңір мамандары ұшу аппараттары мен дрондарды өндіру, құрастыру, пайдалану бойынша оқытылатын болады. Бұрын хабарланғандай, Компанияның «Жоламан» әуеайлағында «Авиациялық оқу орталығы» ЖШС базасында оқыту бағдарламасы бар. Ұшқышсыз ұшу аппараттары ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы, медициналық көмек, іздеу және құтқару операциялары және төтенше жағдайлардың алдын алу сияқты әртүрлі салаларда қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар, өңірде шағын авиацияны дамыту бойынша перспективалы жобалар талқыланды. Шағын авиацияның қолдану аясы кең. Облыс әкімі алыс немесе жол қатынасы қиын жерлерге қол жеткізуді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, шағын авиацияның дамуымен өңірдің туризмі одан әрі дамитын болады.
«Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы пилотсыз авиациядағы заманауи әзірлемелерді, АН-2 ұшақтарын жаңғырту, сондай-ақ чехиялық Omnipol компаниясы шығарған ұшақтарды жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталық құру жобаларын таныстырып өтті.
Тараптар Қазақстан өнеркәсібінің осы бағыттарын дамытуда белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті. Жыл соңына дейін «Қазақстан Инжиниринг» Шығыс Қазақстан облысын азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын пилотсыз аппараттардың алғашқы прототиптерімен қамтамасыз етеді.