Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтың ресми кездесуі аясында 22 сәуірде Түркістан қаласында ҚР кәсіпорындарының мүмкіндіктері бойынша мамандандырылған көрме ұйымдастырылып, оның шеңберінде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ пен жеке компаниялар машина жасау саласындағы өздерінің жоғары технологиялық өнімдерінің бір бөлігін көрсетті.
Экспозицияға холдинг кәсіпорындарының, оның ішінде «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» АҚ, «Тыныс» АҚ, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ және «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС өнімдері ұсынылды. Өз кезегінде жеке кәсіпорындардан «Западно-Казахстанская машиностроительная компания» ЖШС, «Алма-ДК» ЖШС, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС, «BetSky» ЖШС/ «Bertys» ЖШС өнімдері қойылды.
Кездесуге қатысушылар қазақстандық өнеркәсіптің әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсететін заманауи өнім үлгілерімен танысты. Мемлекет басшысы мен Халк Маслахатының Төрағасы ұсынылған әзірлемелерді бағалап, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.