2025 жылғы 23-25 сәуір аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығында ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің V Халықаралық көрмесі өтті, оның шеңберінде «Қазақстан инжиниринг» Холдингінің зауыттары: «Тыныс» АҚ, «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС және «С. М. Киров атындағы зауыт» АҚ өз өнімдерін ұсынды.
Компания зауыттарының тауарлары мен өнімдерінің бірнеше ондаған түрлері ұсынылды. Ынтымақтастыққа қызығушылық танытқандардың арасында қазақстандық әрі шетелдік кәсіпорындардың өкілдері де болды. Мәселен, көрме барысында әлеуетті серіктестер базасын «Тыныс» АҚ зауыты толықтырды, ол сандық бағдарламалық басқарумен (СББ) жаңа токарлық станокты ұсынды.
«Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС өнімдері де келушілердің назарын аударды. Әзірлемелердің қатарында жылу имитаторлары мен турбореактивті қозғалтқыштары бар әуе нысаналары, «Қарақұс» квадрокоптері, «Жетісу» мобильді робототехникалық кешені, EVO Max 4T зияткерлік дрондары және басқалары болды.
Өз кезегінде «С. М. Киров атындағы зауыт» дәлдіктің бесінші класты баспа платаларын, серверлерді, «ЗиК» брендімен планшеттер мен ноутбуктерді, сондай-ақ арнайы байланыс, теміржол автоматикасы және электромобильдерге арналған зарядтау станцияларын көрсетті.
ONDEU EXPO - бұл Орталық Азиядағы ең ірі салалық оқиғалардың бірі, ол өнеркәсіптік жабдықтар мен технологиялар саласындағы жаңа технологиялармен танысуға, іскерлік серіктестер мен жеткізушілерді табуға, сондай-ақ саланың болашағы туралы сараптамалық ақпарат алуға бірегей мүмкіндік береді.