Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen
Мәзір
Қарағандыда патрон зауыты іске қосылды

Қарағанды енді оқ-дәрі шығарады. Қалада патрон зауытының бірінші желісі іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұйырса, мұнда жылына 30 миллион дана оқ-дәрі өндіріледі.

Тапсырыс көбейіп жатса, кәсіпорын 3 ауысымда жұмыс істеп, 90 миллионын шығаруға шамасы жетеді. Солай болуы бек мүмкін. Өйткені зауыттың ТМД көлемінде теңдесі жоқ.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

- Бұл – Қарағандыда жасалған оқ-дәрі. Жылдамдығы, дәлдігі халықаралық стандартқа сай. Ол компьютермен де, арнайы құрылғылармен де өлшеніп, сертификацияланады. Сапасы салыстырмалы түрде алғанда Ресей немесе Қытайда жасалатын оқтан әлдеқайда жақсы. Себебі, оларда оқ болат темірден жасалады. Қазақстандық өнім латуньнен соғылады.

Бекзат Жақыбаев, цех шебері:

- Түр-түрлі оқ шығарамыз. Пистолетке екі түрлі және автоматқа. Біздің оқтарымыз мылтыққа зақым келтірмейді. Өзіміздің білімді жетілдіру үшін Канадаға барып келдік.

Осыған дейін Қазақстан қарулы күштері оқ-дәрілерді Ресей, Чехословакия, Қытай елдерінен қыруар қаржыға импорттап келген еді. Бұл зауыттың іске қосылуымен ішкі сұраныс толық қанағаттандырылады. Ол аз десеңіз, экспортқа шығару тетіктері де қаралып жатыр. Біздің өнімге көршілес елдерді айтпағанда, Түркия, АҚШ сынды алпауыттар қызығушылық танытып отыр.

Бағлан Таненов, оқ-дәрі зауытының директоры:

- 2021 жылдан бастап НАТО калибралары үшін оқ-дәрі жасай бастаймыз. Кейін оны экспортқа шығарамыз. Және жергілікті спорт не болмаса саятшылық, аңшылық үшін де оқ шығару жоспары бар. Баллистикалық зертханамыз бар, барлығы да сапаға сай сертификацияланады. Зауыт халықаралық стандартқа сай ТМД көлемінде теңдесі жоқ. Зауытта 160 адам жұмыспен қамтылды. Бәрі де жергілікті ЖОО түлектері.

Қазір зауыттың тапаншаға арналған оқ шығару жолағы ғана қосылған. Келер жылы автоматқа арналған екінші жолағы қосылып, зауыт толық қуатында жұмыс істейді. Бүгінде шикізат, яғни, латунь орамасының 15 тоннасы Түркиядан жеткізілсе, келер жылы Балқаш қаласынан алу жоспарланып отыр. Осылайша, зауыт 100% отандық өніммен жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны – 28 миллиард теңге. Атап өткен жөн, патрондарды шығару үшін әлемдегі жетекшілердің бірі – Канада технологиясы пайдаланылып, сол елдің құрылғылары қойылған.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Асылан Демесбаев

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/394246-ara-andyda-patron-zauyty-iske-osyldy

Кері қайту