2016 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын болып өтті.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов министрлік пен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлерін осы айтулы күнмен құттықтады.
Өз құттықтауында: «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – бұл Мәңгілік ел болу жолындағы ұлтымыздың мерейі мен мәртебесінің көрінісі. Абыройы мен айбары асқақтаған тарихи кезеңнің жеңісті нәтижесі. Тәуелсіздігімізді нығайтуға және Қазақстанның гүлденуіне ат салыса берейік», – деп атап өтті.
Іс-шара барысында министрліктің жүйесінің бірқатар қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар, мерейтойлық медалдар және құрмет грамоталары табыс етілді.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы № 382 Жарлығына сәйкес, «Парасат» орденімен «Семей инжиниринг» АҚ-тың бас директоры Мейрамхат Айнабеков, «Құрмет» ордендерімен «Тыныс» АҚ-тың бас директоры Қуаныш Рысбаев, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ аспаптық цех учаскесінің аға мастері Леонид Чернявский, «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Әкімшілік департаментінің директоры Сәуле Мұханова, «С.М. Киров атындағы зауыты» АҚ-тың бас инженері Евгений Белоусов марапатталды.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен «Семей инжиниринг» АҚ-тың бас энергетигі Бауыржан Дүйсенбин, «Қазақстан Республикасына 25 жыл» мерейтойлық медалімен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ МҚТ департаментінің директоры Ратмир Комратов марапатталды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Құрмет грамотасы «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС бас директоры Тарык Зия Кабоглуға тапсырылды.