2019 жылғы 5-7 қараша аралығында Нұр-сұлтан қаласында Техникалық және қорғаныс ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі қазақстандық-түрік комиссиясының 10-шы отырысы өтті.
Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаменті директорының орынбасары Дастан Ерғалин, Түрік Республикасы Қорғаныс өнеркәсібі комитетінен басқарма директоры Ахмет Кайсугуз төрағалық етті.
Отырыс жұмысына екі елдің мемлекеттік орган және «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС, «Казтехнологиялар» АҚ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Қазақстан авиациялық индустрия» ЖШС, «Семей инжиниринг» АҚ, «Roketsan», «MKEK», «OTOKAR», «ASELSAN», «BMC», «TAI», «MILSOFT», «STM», «Havelsan», «Baykar» сияқты жетекші қорғаныс кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар әскери-техникалық саладағы ағымдағы және перспективалық екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін, соның ішінде инвестициялар, өзара жеткізу және әскери және қос мақсаттағы өнімдерді бірлескен өндіру мәселелерін талқылады.
Мәселен, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС базасында әскери мақсаттағы байланыс құралдарын бірлесіп өндіруді ұйымдастыру, Қазақстандық патрон зауытын іске қосуға көмек көрсету, сондай-ақ «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС базасында әртүрлі мақсаттағы ҰҰА құрастыру жөніндегі жобаларды пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ, бронетанктік, авиациялық және теңіз техникасы саласындағы ынтымақтастықты жолға қою мәселелері қаралды.
Тараптар қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ екі мемлекеттің күш ведомстволарының мүддесінде қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру үшін Тараптардың қорғаныс кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды күшейтуді, сондай-ақ оның үшінші елдердің нарығына шығуын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.