Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen
Мәзір
А. Мамин Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларын тексерді

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапары барысында «Орталық – Шығыс» автокөлік жолының реконструкция жұмыстарын тексеріп, өңірлердің индустриялық жобаларды іске асыру барысымен танысты.

А. Мамин Астана – Павлодар автомагистралінен жүріп өтіп, «Орталық – Шығыс» автокөлік дәлізіндегі құрылыс барысымен танысты, және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшыларының және мердігер ұйымдардың есептерін тыңдағаннан кейін республикалық автокөлік жолдары желісін дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары аумағымен өтетін республикалық маңыздағы автожолдардың жалпы ұзындығы 7 345 шақырымды құрайды. «Орталық – Шығыс» автокөлік дәлізінің 404 шақырымы пайдалануға берілген. Жолдың 501 шақырымына жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Барлық құрылыс жұмыстары бекітілген кестемен жүргізілуде.

Сондай-ақ, Асқар Мамин сапар аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жағдайын қарады. Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы жол бойында А, В, С, D санатына жататын 530 нысан орналасқан. 2018 жылдың соңына дейін олардың 16 нысаны пайдалануға беріледі.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Астана қ. 28 шақырымдық айналма жолында орналасқан «Kazway» модульдік типтегі павильонмен танысты. Павильон заманауи ауа баптағыш, бейнебақылау, сымсыз wi-fi желісімен, вакуумды туалетпен және басқа да қолайлылық пен сенімділікті қамтамасыз ететін алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған. Жыл соңына дейін Астана – Шортанды, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Бурабай айналма жолы, Астана айналма жолы автожолдарында 12 модульдік павильон ашу көзделген.

Инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша А. Мамин «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға «Орталық – Шығыс» көлік дәлізінің 905 шақырымында қозғалысты ашуды, ал 2019 жылы жобаны аяқтауды тапсырды.

ҚР Бірінші Вице-Премьері Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында болып, мыс концентратын шығарудың технологиялық үдерісімен және тау-кен жұмыстарын дамыту шараларымен танысты.

Премьер- Министрдің бірінші орынбасары «Павлодар» АЭА аумағына орналасқан бірқатар нысандардың қызметімен, «Проммашкомплект» ЖШС кәсіпорны жұмысымен танысты.

Павлодар мұнай химиясы зауытында А. Маминге кәсіпорында жүргізілген жаңғырту жұмыстары жөнінде баяндалды. Соның нәтижесінде, шикі мұнай өңдеу көлемі ұлғайды. Мотор майлары бензин К-4 стандартына сәйкестенсе, дизел отынының сапасы К-5 дәрежесіне жеткізілді. Аталған жоба аясында энергия үнемдеу және экологиялық таза технологияларды енгізуге, басқаруды автоматтандыруға, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға жол ашылып, қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігі артты.

***

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысында қорғаныс және азаматтық мақсаттағы — «Семей инжиниринг» АҚ және Семей машина жасау зауытының жұмысымен танысты.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС жұмысымен танысу барысында А. Маминге 2018 жылы жаңа кен байыту өндірісін іске қосу туралы баяндалды.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Семей қаласында қаланың жылу орталықтары мен магистральдық жылу желілерінің технологиялық құрылғыларын жаңғырту жұмыстарымен танысты.

А. Мамин бірқатар әлеуметтік нысанды аралады, соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған «Қарағайлы» жаңа шағын ауданын, 320 орындық балабақшаны аралады.

www.primeminister.kz

Кері қайту