Аталған келісім осы күндері Минск қаласында өтіп жатқан IX Халықаралық «MILEX-2019» әскери техника мен қару-жарақ көрмесінде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Беларусьтің жетекші қорғаныс-өнеркәсіп өкілдерімен жүргізген келіссөздері нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтқанда, радиолокация құралдарының, сондай-ақ оптико-электрондық өнімдердің өндірісі қазақстандық кәсіпорындарда оқшауланатын болады.
Сонымен қатар, белоруссиялық және ресейлік авиажөндеу кәсіпорындарымен «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС-нің Нұр-Сұлтан қаласындағы Авиациялық техникалық орталығының базасында ұшақтарды жөндеу технологияларын игеру мәселелері де талқыланды.
«MILEX-2019» көрмесіне қатысып жатқан қазақстандық делегацияны
ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов бастап барғанын және отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының Бірыңғай ұлттық экспозициясында елімізде шығарылатын әскери техниканың үлгілері ұсынылғанын атап өткен жөн. Әсіресе, MRAP (mine resistant ambush protected) технологиясы бойынша құрастырылған «Арлан», «Алан» және «Барыс» броньдалған дөңгелекті машиналардың үлгілері көрмеге қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. MRAP бірегей технологиясы армия мен арнайы бөлімшелердің қажеттілігі үшін минаға қарсы күшейтілген қорғаныстағы броньдалған машиналарды шығаруға мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған техника күші тротил эквивалентінде 10 кг дейінгі жарылысқа шыдайды, қарқынды баллистикалық шабуылды тойтаруға төтеп береді. Сондай-ақ, Қазақстанда шығарылатын машиналар жоғары маневрлігі мен өтімділігінің арқасында экипаж бен десанттарды миналардан және тұтқиыл шабуылдардан қорғауға арналған. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауыты жылына осындай машинаның 120 бірлігін шығару мүмкіндігіне ие. Аталған кәсіпорын Орталық Азияда MRAP технологиясын қолданатын жалғыз өндіруші болып табылады және осы машиналардың үлгілері бұған дейін Астана қаласында өткен «KADEX 2018» және Қазақстанда ұйымдастырылған бірқатар көрмелер мен конференцияларда ұсынылған. Алғашқы экспорттау келісімшартына биыл қол қою жоспарда бар.
«MILEX-2019» көрмесіне қатысып жатқан 30-дан астам елдің өкілдері қазақстандық экспозицияға қойылған отандық өндірушілердің өнімдерімен: «Тыныс» АҚ-ның жеке қорғаныс құралдарымен (броньдалған кеудешелер), «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС-нің тасымалданатын, мобильді және стационарлық радиостанцияларымен, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның өту қабілеті жоғары автомобильдерге қару-жарақ орнатуға мүмкіндік беретін бұрылмалы-тірек әмбебап құрылғысымен, «Алма ДК»
ЖШС-нің өлімге әкеп соқтырмайтын қаруларымен танысты.
ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов атап өткендей, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарына армия мен арнайы құрылымдарды әскери техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығару міндеті де қойылып отыр.
Халықаралық шара барысында қазақстандық делегация отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жетістіктерін таныстырумен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы жанындағы Іскерлік кеңес отырысына және
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер уәкілетті органдарының жарнамалық-көрмелік қызметі жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысты. Әскери-техникалық саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Анықтама: IX Халықаралық «MILEX-2019» қару-жарақ пен әскери техника көрмесі әр екі жыл сайын ұйымдастырылады және ТМД мен таяу шетел мемлекеттері үшін қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өнімдерін таныстыруда сұранысқа ие алаңдардың бірі болып есептеледі.