2020 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институты енгізілді.
Бүгінгі таңда комплаенс-қызметтер 6 мыңнан астам осындай ұйымдарда жұмыс істейді. 2022 жылдан бастап олар атқарушы органдардан тәуелсіз болды және тек жоғары басқару органына есеп береді.
2023 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметтердің іс-әрекетін үйлестіреді және бірыңғай үлгі ережені әзірлейді. Үйлестіру әдістемелік қолдауды, оқытуды және ақпарат алмасуды қамтиды.
Сондай-ақ, 2023 жылы комплаенс-офицерлердің біліктілігін арттыру үшін 10-нан астам конференциялар мен семинарлар өткізілді. Әр өңірде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектептері» құрылды, онда сарапшылар оқыту жүргізеді.
Өткен жылы комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Олардың ішінде 70 мүдделер қақтығысы жағдайы және сыбайлас жемқорлық тарихы бар қызметкерлерді жалдаудың 5 фактісі бар. Барлық жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Осы институтты жетілдіру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет комплаенс-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл тәуекелдерді азайтуды, есеп беру және бақылау процестерін жақсартуды, ашықтық пен тиімділікті арттыруды қамтамасыз етеді.
Жалпы, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институты дамып келеді, ал қабылданып жатқан шаралар корпоративтік адалдықты арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет материалдары бойынша