Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen
Мәзір
Компания Басқарма Төрағасының «Сатып алудың әдіснамалық базасы туралы» талдамалық материалдар сериясын жалғастыру

Бұрын біз машина жасау зауыттарының азаматтық және әскери өнімдер шығару мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талдап(мақалаға сілтеме - https://ke.kz/press-center/news/4954/), перспективалы және үнемді жобалар мен компанияларды қарастырған болатынбыз (мақалаға сілтеме - https://ke.kz/press-center/news/4975/).

Бүгін мен сатып алу әдіснамасының негіздеріне қайта оралғым келіп отыр. Осы тақырыпты шамамен бір жарым жыл бұрын өз мақаламда қозғаған едім (https://ke.kz/press-center/news/2253/), содан бері әдістемелік база түбегейлі өзгеріске ұшырамай, принциптер мен тәсілдер өзгеріссіз қалыпты. Бір өкініштісі Қазақстанда қолданыстағы өндірісті дамытуды және жаңа өндірісті құруды ынталандыратын нақты императивті нормалар жоқ.

Тапсырыс берушілермен немесе уәкілетті органдардың өкілдерімен жеке әңгіме барысында олардың барлығы Қазақстанның өз өндірісі мен құзыретін дамытуын қолдайтынына сенім қалыптасады. «Сіз біздің өнеркәсіптің дамығанын, жұмыс орындарының құрылғанын, заманауи инженерлер мен технологтардың тәрбиеленгенін қалайсыз ба?» - дегенде, барлығы бірауыздан «Иә» - деп мақұлдайды. Бірақ келісімшарт тапсыруды сұрағанда, олар бізді қолданыстағы заңнама мен әдіснамаға сәйкес рәсімдерге қатысуға жібереді. Бұл, әрине, тендер, бюрократия, сапаға әсер ететін бағаның төмендеуі, шешім қабылдаудан қорқуға ұласады...

Егер барлық рәсімдер әрқашан қатысушылар үшін ашық, түсінікті, электронды, әрі онда қазақстандық өндірушілердің басымдығы бар болса, иеленудің жиынтық құны бойынша сапаға және бағалауға, ұзақ мерзімді түсінікті жоспарларға баса назар аударылса, қазақстандық өндірушілердің ешбір наразылығы болмас еді.

Қазақстандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілер үшін бірнеше негізгі проблемаларды бөліп көрсетсек:

1) тапсырыс берушілердің қазақстандық өндірушілерді таңдауға қорқуы.

Жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі орынбасарының мемлекеттік қызметшілерге шешім қабылдамаудың пайдасы туралы жақсы сұхбаты болды: ( https://kaztag.kz/ru/news/dolzhnostnym-litsam-v-kazakhstane-vygodno-ne-prinimat-samostoyatelnye-resheniya-adgs?utm_source=facebook&utm_medium=cpc ).

Сатып алу мәселелерінде бұл қорқыныш он есе арта түседі. Тапсырыс беруші, мысалы, авторлық құқық бойынша бір көзден (Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабы) сатып алуға әдіснамалық мүмкіндігі бар қазақстандық өнімді дәл сатып алғысы келетін нағыз патриот бар делік. Ол мүмкіндігіне қарамастан өз таңдауы үшін жауапкершіліктен қорқып, тендерді жалпы негізде жариялайды, өйткені оған «кейін келіп, жауаптар талап етіледі». Жеткізуші қазақстандық мемлекеттік зауыт болғанымен, шешім қабылдаудан қорқыныш басым болады.

2) қолданыстағы заңнамада қазақстандық сатып алуды міндеттейтін құқықтың императивті нормаларының болмауы.

  • Менің ойымша, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты реттейтін «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң шеңберінде, үдерістер бюрократиясын айтарлықтай көбейтетін келесі НҚА әзірленді:
  • «Босатылатын оқ-дәрілерді, қару-жарақтарды, әскери техниканы, арнайы құралдарды құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 13 сәуірдегі № 197 бұйрығы;
  • «Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына мемлекеттік қолдау шараларын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 675 бұйрығы;
  • «Мемлекеттік авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау және оларға сертификат беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 3 қыркүйектегі № 687 бұйрығы;
  • «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 7 қарашадағы № 829 бұйрығы;
  • «Тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың нәтижелеріне сынақтар жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 862 бұйрығы;
  • «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мүддесінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастырған және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Бас штабы және Қарулы Күштері құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимылы қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 18 тамыздағы № 684 бұйрығы;
  • «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 қазандағы № 759 қаулысы;
  • «Меншік нысанына қарамастан ұйымдарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасына бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 қазандағы № 812 қаулысы;
  • «Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидаларын бекіту туралы» азақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 896 қаулысы;
  • «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 қазандағы № 772 қаулысы;
  • «Пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 қарашадағы № 832 қаулысы;
  • «Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және оның жекелеген жергілікті жерлерінде төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде құқық қорғау органдары және арнаулы мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар арасында мүлікті беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы № 48 қаулысы.

Менің пайымдауымша, өнеркәсіпті тиімді дамыту үшін келесі механизмдер қажет:

  • Отандық кәсіпорындармен шарттарды таңдау және жасасу жөніндегі императивті нормалар.

ҚР «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңының қолданыстағы нормалары және заңдарда көзделген жауапкершіліктің болмауы қорғаныс өніміне тапсырыс берушілерге өз қалауы бойынша екі жүйе: қорғаныстық тапсырыс немесе мемлекеттік сатып алу арқылы сатып алу тәсілі - арасында таңдауға мүмкіндік береді. Мұндайға жол берілмеуі тиіс. Жеткізушілерді таңдаудың дәйекті рәсімдерін сақтамағаны үшін бірінші кезекте oтандық өндірушілер арасында, кейіннен басқа тәсілдерді назарға ала отырып, әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажет.

Бұл жағдайда таңдау тек нақты сипаттамалар бойынша ғана емес, санаттар бойынша да болуы керек. Осы ретте, азаматтық жабдықтауға қатысты бір жағдай есіме түсті. Онда бір өндіруші «түзу диван» өндірісі бойынша тізілімге кіретін еді (мемлекеттік тапсырыс берушілерден тапсырыс алатын). Ал бұрыштық диван шетелдік алыпсатарлардан сатып алынды, себебі ол тізілімде жоқ.

  • Баға индекстеуімен ұзақ мерзімді сатып алу (үш жылдан астам) - зауыттарды дамытудың негізгі, тиімді құралы. Ағымдағы тәсіл зауыттардың ұзақ мерзімді жүктемесін, болашақта дамуын жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Ұзақ мерзімді шарттар жасасу процедуралық тұрғыдан да, өндірістердің кластерлік дамуына да пайдалы болар еді

Заңнамада «1 жылдан астам мерзімге шарттар жасасуға құқылы» сөздерін «…жасасуға міндетті» сөздеріне ауыстыру қажет.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет... Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн… Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет» - деп басымдықтарды айқындады.

Заңда қорғаныс өнімдеріне оффтейк-келісімшарттар жасасу міндеттілігі және сатып алу көлемін азайту және келісімшарт бағасын төмендету бойынша жасалған офтейк-келісімшартқа өзгерістер енгізуге біржақты тәртіппен жол берілмеуі көзделуі қажет.

Мысалы, біздің зауыттарға дрондарға офтейк-келісімшарт беруге болатын еді. Біз өзіміз өндіріп, өзіміз жинай аламыз (әрине, кейбір компоненттер Қытайдан жеткізіледі), дайын прототипіміз – «Қарақұс» дроны да бар. Бірақ оның орнына, мемлекеттік сатып алуларда толығымен DJI «Matrice» дронының техникалық спецификациясына сәйкестендірілген G11678062-1 нөмірі бар жаңа кезекті тендер тұр.

Менің ойымша, осыған қатысты жұмыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде жүргізілуі тиіс. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 6 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайды. Жолдаудың ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу және түзету үшін негіздеме болып табылады. Мұндай құжаттарға жүйе Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары және басқаларын жатқызады. Бұл құжаттарда қорғаныс ведомстволарын ұзақ мерзімді (үш жылдан астам) жабдықтау мен жаңғыртуды жоспарлауды айқындау: офтейк-келісімшарттар жасасу үшін негіз болады.

  • Цифрландыру. Электрондық жазықтыққа көшу тапсырыстарды қалыптастыру мен орындау мерзімдерін қысқартуға, тапсырыс берушілер мен орындаушылардың өзара қарым-қатынасын машина қабылдайтын форматқа ауыстыруға, деректерді талдау мүмкіндіктерін кеңейтуге, тапсырыстарды қалыптастыру және орындаушыларды таңдау рәсімдерін неғұрлым ашық етуге және сатып алуды талдауға мүмкіндік береді. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» жүйесінің оң тәжірибесін атап өту қажет.
  • Заңды тұлғалар бірлестігін (консорциумдарды) тапсырыстарды әлеуетті орындаушылар қатарына қосу. Қаржылық мүмкіндіктерді біріктіру, құзыреттерді біріктіру және қатысушылардың ішіндегі рөлдерді, құқықтар мен міндеттерді нәтижелі бөлу, қабылданған міндеттемелерді орындау тәуекелдерін бөлу жергілікті қамтуды арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, жеңіл өнеркәсіп консорциумы: бірі мата жасаса, екіншісі түймелер, үшіншісі жүн, төртіншісі болса бәрін тігетін болады.

Баға белгілеу қағидалары - бұл диссертация қорғауға болатын жеке үлкен мәселе.

3) Стратегиялық пайымдаудың және ұзақ мерзімді жоспарлаудың болмауы, шоғырландырудың, стандарттаудың, біріздендірудің болмауы. Орталықтандырудың болмауы.

Сатып алу таңдауы бірінші басшының, тапсырыс берушінің немесе уәкілетті тұлғаның жеке қалауына байланысты. Абстракт мысал келтірсек: «ВАЗ 21213-ті қалай жөндеп, қалай пайдалану қажеттігін білгендіктен, біз тек ВАЗ 21213-ті сатып аламыз».

Мемлекеттік сатып алулардан нақты мысалдар:

Қазіргі уақытта әртүрлі техникалық тапсырмалары, бюджеттері, көлемі, мерзімдері бар мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері үшін патрондарды жеткізуге арналған 5 түрлі тендерлер жарияланды. Олардың бірінде лоттың атауында «БПЗ» (Барнауыл патрон зауыты) өндірушісі көрсетіліп қойған екен.

Іс жүзінде қалай болуы қажет еді:

- ұзақ мерзімді қажеттілікке талдау жүргізіліп, қажеттілік қазақстандық өнеркәсіптің мүмкіндігімен салыстырылады; бірыңғай техникалық талаптары бар шоғырландырылған үлкен көлем сатып алынады; отандық өнеркәсіптің мүмкіндіктері жетіспейтін жерлерде өзіміздің өндірісті құру үшін ҒЗЖ және ТКЖ дамытуға ақша бөлінеді, ал шұғыл қажеттіліктер шетелдік әріптестердің жеткізілімдерімен жабылады.

Еліміздің Премьер-Министрі өз сөзінде «Қазақстанда өндірілетін өнімнің үлесін ұлғайту қажет, офтейк-келісімшарттар жүйесін толық көлемде іске қосатын боламыз» - деп отандық өндірістің дамуына назар аударды. Жақында премьер-Министр патрон зауытына барып, барлық субъектілерге қазақстандық өнімді сатып алуға тапсырма берді.

Үлкен шоғырландырылған ұзақ мерзімді тапсырыс көлемі арқылы біздің өнеркәсіп өз шикізатын өндіру арқылы жергілікті қамтуды арттыра алады. Мысалы, патрондардар қажет болса, ондағы жез таспаның өндірісін қамтуды қарастыруға болады.

Сондай-ақ, төменде заңнаманы қазақстандық өнеркәсіпті дамытуға бейімдеу үшін негіз бола алатын Президенттің мәлімдемелері мен тапсырмаларын келтіремін.

–  Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында басымдық ретінде: «дамыған мемлекеттерде елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту»[1] - болып табылатынын айқындады.

– Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек. Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн.

– Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек... Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет… Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық автоматтандырылады. …Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс – деді өз Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек, – деді Президент.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен 2022 жылғы 26 сәуірдегі Үкімет отырысында импортты алмастыру мәселелері қаралды.

–Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды[2], - деді Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

2022 жылғы 6 мамырда мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсіміне қатысу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қорғаныс қабілетінің маңыздылығы туралы мәлімдеді.

– Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады[3], – деп айтты Тоқаев.

Қазақстан билігі республиканың қорғаныс әлеуетін дәйекті түрде күшейтуге бағытталған. Бұл туралы 2022 жылғы 22 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар беру рәсімінде мәлімдеді.

– Ұлттық мүддеміз бен қоғамдағы тұрақтылықты қорғайтын барлық азаматты әлеуметтік тұрғыда кешенді қолдау қашан да мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді[4], - деді Президент.

2023 жылғы 19 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті

– Ең маңызды басымдық-өз өндірісімізді құру болып табылады... қарапайымнан күрделіге өте отырып, жергіліктендіру деңгейін тұрақты түрде арттыру керек. Мұндай мысалдар қазірдің өзінде бар, бірақ жалған жергіліктендіру арқылы ұғымдарды ауыстыру фактілері де орын алған. Бұл біз үшін қажетсіз импортты субсидиялауға әкеп соғады. Бізге шынайы индустрияландыру қажет[5], - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2023 жылғы 5 қыркүйекте «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысқан кезде Мемлекет басшысы біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет. болуы тиіс екенін атап өтті

– Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз және шығаруымыз керек. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет[6], – деді Президент.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Қазақстанда өндірістің жергілікті үлесін арттыру үшін қолайлы жағдай жасалғанын – салықтық преференциялар мен жеңілдікті несиелендіру беріліп, өнімді өткізу бойынша көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Алайда тауар өндірісінің жергілікті үлесі әзірге төмендеу.

– Шын мәнінде, біз импортты субсидиялау ісін жалғастырып жатырмыз. Бұл өндірістің бастапқы қалыптасу сатысындағы табиғи құбылыс екенін түсінемін. Сондықтан аталған мәселеге «өсім дерті» ретінде қараймыз. Ештеңе болмағаннан гөрі, осындай өндірістің болғаны дұрыс. Алайда Үкімет өндірістің жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесімен мұқият және жан-жақты айналысуға тиіс[7]. Елде осы өнімнің баламасы болмаған жағдайда ғана импортқа рұқсат етіледі. Яғни импортты тұтынушы компанияға немесе олардың шетелдік серіктестеріне 2-3 жыл ішінде осындай өндірісті Қазақстанда іске қосуы немесе іске қосуға көмектесу жөнінде міндетті шарт қойылуы қажет. Әрине, бұл экономикалық тұрғыда негізделген жобаларға ғана қатысты, [8] - деп сөзін қорытындылады Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 4 қазанда «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС зауытына барып, жұмысымен танысқан кезде осы саланы ілгерілетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтіп, компанияны қорғаныс өнеркәсібіне маманданған отандық кәсіпорындарды дамытуға жан-жақты атсалысуға шақырды[9].

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовпен 2023 жылғы 04 желтоқсандағы кездесуі барысында министрге отандық қорғаныс бағытындағы кәсіпорындармен ықпалдастық жасау, аумақтық қорғанысты дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Сонымен қатар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау мәселесіне, ұшқышсыз ұшатын ұшақ кешендерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қару-жарағын, жаңғыртылған бронды техника мен байланыс құралдарын қоса алғанда, авиациялық техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды[10].

2024 жылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді тапсырды.

Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек... Жұмыс істеп тұрған өндірістерді түбегейлі жаңғырту міндеті айрықша назар аударуды қажет етеді, [11] - деді Президент.

[1] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ukimettin-keneytilgen-otyrysynda-soylegen-sozi-713927

[2] https://primeminister.kz/news/kazakstanda-importty-almastyrudyn-2025-zhylga-deyingi-bagdarlamasy-azirlenip-zhatyr-2631746

[3] https://akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-memlekettik-nagradalar-zhogary-askeri-zhane-arnauly-ataktar-synyptyk-shender-beru-rasimine-katysty-641622

[4] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-respublika-kunine-oray-zhogary-askeri-zhane-arnauly-ataktar-synyptyk-shender-tapsyrdy-229447

[5] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-elimizdin-aleumettik-ekonomikalyk-damu-maseleleri-zhonindegi-keneytilgen-keneste-soylegen-sozi-1934429

[6] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-batyl-toytarys-2023-strategiyalyk-komandalyk-shtabtyk-askeri-oku-zhattygu-zhiynyna-bardy-582654

[7] https://kapital.kz/economic/119020/prezident-poruchil-prinyat-mery-po-prodvizheniyu-otechestvennykh-nefteservisnykh-kompaniy-za-rubezhom.html

[8] https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/pokazuha-ne-nujna-tokaev-o-mestnom-soderjanii-510230/

[9] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kazakhstan-paramount-engineering-zauytynyn-zhumysymen-tanysty-493424

[10] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-korganys-ministri-ruslan-zhaksylykovty-kabyldady-4113123

[11] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ukimettin-keneytilgen-otyrysynda-soylegen-sozi-713927

Кері қайту